IІІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ Н.ДУМБАДЗЕ АТЫНДАҒЫ ФЕСТИВАЛЬ

Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театры 2022 жылдың 5-15 маусым аралығында Грузия мемлекетінің, Озургети қаласында өткен III Халықаралық Н.Думбадзе атындағы фестивальде грузин жазушысы Н.Думбадзенің әңгімесі желісі бойынша режиссер А.Зайцевтің «Собака» қойылымымен қатысты.

Бүкіл декорация мен қуыршақтар Ресей шекарасынан Грузияға өте алмағандықтан қойылым фестиваль бағдарламасынан шығып қалу қаупі болды. Бірақ режиссер Антон Зайцев пен спектакль суретшісі әрі театр басшысы Әсия Құрманалина тығырықтан жол тауып қойылымдың перфоманстық үлгісін ұсынды. Қойылымның видеосын экран арқылы көрсетіп, бүкіл дыбыстық сүйемелдеуін актерлер жанды дауыстарымен жеткізді. Сахнаның екі жағында орналасып, адамдар мен иттің дауыстары мен деміне дейін, енді оянған ауылдың, жәрмеңкенің, зеңбіректің, т.с.с. дыбыстарды жеткізуінің арқасында жансыз видеоға жан бітіріп, Думбадзе шығармасының атмосферасын нақты бере алды. Фестивальдің арт-директоры Васо Чигогидзе театрды келесі фестивальге бірден шақырып, “қуыршақтарыңызды чемоданға салып әкеліңіздер, декорацияны біз өзіміз жасап береміз” деп уәде берді.

Театртанушы, сыншылар мен көрермендердің тарапынан ақтөбелік ұжымның өнері жоғары бағаланды.

Фестиваль қортындысы бойынша «Алақай» қуыршақ театры «Нодар Думбадзенің түпнұсқа интерпретациясы үшін» (for Nodar Dumbadze’s original interpretation) номинациясына ие болды. Сонымен қатар, келесі жылы өтетін фестивальге шақырту алды.