«Ашықтық пен сенім – білім мен мәдениеттегі табысты серіктестіктің негізі»

2026 жылғы 18 мамыр күні облыстық «Алақай» қуыршақ театрында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті мен Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бірлесуімен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы екіайлық» акциясы аясында Ақтөбе қаласы мектептері директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен облыстық «Алақай» қуыршақ театры ұжымының қатысуымен «Ашықтық пен сенім – білім мен мәдениеттегі табысты серіктестіктің негізі» тақырыбында ашық диалог өтті.

Іс-шараның мақсаты – мектеп пен театр қызметкерлері арасында өзара түсіністік пен сенімді арттыру, мәдени-ағартушылық жұмыстарды бірлесіп ұйымдастыру жолдарын талқылау, сондай-ақ балалардың эстетикалық талғамын кәсіби шығармалар арқылы қалыптастыру бағытындағы ынтымақтастықты дамыту болды.

Кездесуге Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің, Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының өкілдері, Ақтөбе қаласы білім бөлімінің мамандары, бірқатар мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, мәдениет саласы кәсіподағының өкілдері және театр қызметкерлері қатысты.

Пікір алмасу барысында театрдың мәдени-ағартушылық бағыттағы жұмыстары таныстырылып, білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимылды күшейту мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар жауапкершілік, әділдік, ашықтық, шынайылық қағидаттарын сақтау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар талқыланды.

Қатысушылар театр сабақтарын өткізу, шығармашылық кездесулер ұйымдастыру, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және оқушылардың театр қойылымдарына ұйымдасқан түрде қатысуын қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстарын білдірді.

Кездесу соңында «Ашық микрофон» алаңында қатысушылар өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салып, болашақтағы ынтымақтастық бағыттарын белгіледі.

Аталған іс-шара білім мен мәдениет саласы өкілдері арасындағы өзара сенім мен түсіністікті нығайтып, оқушылардың мәдени тәрбиесіне бағытталған жаңа бастамалардың қалыптасуына негіз болды.