Нұрат Мұратұлы
Батыр тұлғалы Нұратты сыртынан көрген адам белгілі спортшы әлде бір ауыр мамандықтың иесі ме деп қалары кәдік.Ал оны «Алақай» қуыршақ театрының артисі десе, таң қалуы мүмкін. Оның өзі өмірінің осындай арнаға бұрылатынын тіпті білген жоқ.
Ауылда үлкен кісілер ұлдарын мақтағанда: «Осы балам түбі дөкей бастық болады» деп үміт ететіні бар емес пе? Сол кісілердің сөзі әсер етті ме, бала Нұрат кішкентайынан болашақта өзінің туып-өскен ауылы Бөгетсайға бастық болуды армандады. Өсе келе ол ойынан айнып, экономист мамандығын игерсем, жағдайым жаман болмас деген ойға келді. Кез-келген техниканың тілін білетін бозбала Нұрат 1996 жылы «Алақай» қуыршақ театрына сахна машинисі боп қызметке орналасты. Ол кезде бойы теректей ұзын, өзі сыптай жігіт еді. Сахнаның сиқыры баурап, онсыз да қиялы жүйрік Нұрат қуыршақтар әлемінің сырына қаныға бастады. Кейде қойылымдарға қатысып, Нұрат өзінің актерлік қабілетін байқап көргісі келетін. Сөйтіп жүріп қалай актерлердің қатарына қосылып кеткенін өзі де сезбей қалды. Нұрат алғашқы қатысқан «Саламатсыздар ма!» спектаклінде мінездері бір-біріне мүлдем сәйкес келмейтін сайқымазақ, күшік және мысық рөлдерін бір өзі нанымды бейнелеуі арқылы қуыршақ өнеріне деген ерекше құштарлығын танытты. Содан бері Нұрат Мұратұлы театр репетуарындағы спектакльдерде Мүйізтұмсық (Х.Гюнтер. «Мүйізтұмсық пен Керік») Қонжық (В.Павловскис.«Айлакер түлкішек»), Хан мен Бай, Салықшы («Дала аңызы: О, Алдар»), Қарабай («Ұр, тоқпақ!»), Қыдыр ата, тағы да басқа бас рөлдерді сомдап жүр. Нұрат күлкілі кейіпкерлерін де, салмақты рөлдерін де жеріне жеткізіп ойнайды, ол қуыршақты оңай меңгеріп, өз дегеніне көндіреді.
Бүгінде әріптестері Нұратты Наурыз мейрамының тұрақты кейіпкері «Қыдыр атаның» атымен атап кеткен. Себебі, «Қыдыр ата жолдасың болсын!» деген тілекті жасынан жаттап өскен Нұрат қай кезде болмасын сол сөзді қайталаудан танбайды, өзі де ылғи әріптестеріне қамқор болып жүреді. Тіпті оны «түйе балуан» деп атайтындар да бар. Себебі театр ұжымы гастрольдерде жүргенде де балуан денелі актер зілдей заттарды да ауырсынбай арқалап кете береді.
Екі баланың әкесі Нұрат «Ат тұяғын тай басар», «Тізгініңді босат та, құстай самға!» спектакльдерінде нағыз сабырлы әкенің кейпінде көрініп, көрерменін иландыра білді. Бүгінде жігіт ағасы жасына келіп, қуыршақ өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін алай марапатқа ие болған ҚР Мәдениет саласының үздігі Нұрат Мұратұлы — осы бір киелі өнер ордасының белді де беделді актері. Ол облыс әкімі, ҚР Тұңғыш Президент қоры сыйлықтарының лауреаты, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.Театр сахнасында 20-жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келеді.
Марапаттары:
- 2009ж. ҚР Тұңғыш Президенті Қоры сыйлығының лауреаты
- 2012ж. Ақтөбе облысы әкімі сыйлығының лауреаты
- 2013ж. Қазақстан Театр қайраткерлері Одағының Құрмет грамотасы
- 2014ж. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі
Репертуардағы рөлдері:
- В.Павловскис «Айлакер Түлкішек»-Қонжық. Режиссер- Б.Парманов, 1991ж.
- П.Высоцкий,И.Дмитриев «Ок пен Кузьма». Режиссері-С.Береговых, 1996ж.
- « Бука атты Қоян». Режиссері-Т.Лукомская, 1998ж.
- «Шаһризаданың махаббат сазы»-Шаһрияр.Режиссері- Д.Жалкенов, 2000ж.
- Ш.Құсайынов «Алдар Көсе»-Молда.Режиссері- Д.Жалкенов, 2001ж.
- Х.Гюнтер «Мүйізтұмсық пен Керік»- Мүйізтұмсық.Режиссері- Г.Гипиков, 2002ж.
- «Ұр,Тоқпақ!»- Қарабай. Режиссері- Г.Гипиков, 2003ж.
- М.Азов, в.Тихвинский «Ат тұяғын тай басар»- Күлтежал. Режиссері- Е.Пермяков, 2005ж.
- В.Маслов «Күншуақты досым»- Құбыжық. Режиссері- Г.Гипиков, 2005ж.
- «Дала аңызы- Уа,Алдар!»- Салықшы, Бай. Режиссері- Б.Парманов, 2006ж.
- Р.Готкина «Дулитл хикаялары»- Бармалей. Режиссері-Ю.Фридман,2007ж.
- Х.К.Андерсен «Ұсқынсыз үйрек»- Күркетауық, Қаз. Режиссері-С.Железкин, 2007ж.
- В.Швембергер «Ақылға келген Аю»- Аю. Режиссері-Г.Гипиков,2008ж.
- Г.Гипиков «Жадыра, жайна достар!» – Әртүрлі рөлдер. 2009ж.
- В.Гауф «Мукраның жазасы»- Асмодей. Режиссері-В.Смирнов, 2010ж.
- «Тізгініңді босат та, құстай самға…»- Атыбай әке. Режиссері- С.Балыков, 2011ж.
- «Қайдасың анашым?»- Жүргізуші. Әтеш. Бақа. Күшік. Режиссері- Р.Рахимов,2012ж.
- «Мультертегі»- Қасқыр, Әтеш. Режиссері- Ж.Қалқабеков,2014ж.
- Г.Қалдина «Сезім жібі»-Есер. Режиссері-Б.Парманов,2014ж.
- С.Қасымбек «Кірпітай мен Тасбақа»-Арыстан. Қасқыр. Режиссері-Н.Мұратов,2016ж.
- Д.Исабеков «Құстар фестивалі»-Бүркіт патша. Режиссері-М.Хабиболла,2016ж.
- М.Төребек «Алтын Адам»- Хан. Режиссері-М.Хабиболла,2016ж.
- «Қаңбақ шал» ертегісі – Дәу. Режиссері-М.Хабиболла,2016ж.