Гүлнәр Баймағамбетова

«Алақай» қуыршақ театрында  ҚР Мәдениет қайраткері Гүлнәр Баймағамбетова актриса болып қызмет еткелі  ширек ғасырға жуықтады. Театр әкімшілігі актрисалық қарым-қабілетінің ұшқынын  байқатқан осы бір мінезі ұяң, сүйкімді бойжеткенді 1991 жылы актерлік труппаға қабылдады.   Гүлнәр алғашқы  қадамын жүрексіне бастаса да, өзіне беймәлім қуыршақ театрының қыр-сырын меңгеруге де деген ынтасы зор болды. Оның үстіне бүлдіршін кезінде қуыршақпен ойнамайтын қыз бала болушы ма еді,  оған қуыршақтар әлемінде тірлік кешу қатты ұнай бастады. Біртіндеп  қуыршақпен жұмыс жасаудың, оған тіл бітірудің, кейіпкері арқылы балғын  көрерменмен  байланыс орнатудың  жолдарынүйренді. Қолына қандай істі алса да, жақсы нәтиже шығаруға тырысатын Гүлнәр  қуыршақтармен сырласа жүріп, тәжірибе жинақтай бастады.  Жас актриса   өзі қызмет істейтін өнер ордасын керемет  жақсы көретін,   өз әріптестерімен  бірге биік белестерге жетуді армандайтын. Сол арман, өнерге деген  сүйіспеншілік  оны сахна арқылы шыңдады. Бір спектакльдің өзінде оның еншісіне бірнеше рөл тиетін, оларды бір-бірінен мүлде өзгеше етіп түрлендіріп, дауысын мың құбылтып ойнағанда, көрермен солардың бәрін бір Гүлнәрдің  сомдап тұрғанын тіпті сезбей қалатын.

Сахнаға шыққан сайын Гүлнәр ғажайып әлемге енгендей, жаңа бір тынысы ашылғандай керемет күйге бөленеді.  Театр репетуарындағы үздік спектакльдерде Қарға, Қонжық, Атбалық, Ләйлектің балапаны, Желаяқ, Мыстан т.б. көптеген образдарымен көпшіліктің көңілінен шығып жүр. Гүлнәр  Х.Андерсеннің ертегісінің желісімен қойылған «Ұсқынсыз үйрек» спектакліндегі Ана үйрек образын сомдағанда,бауыр еті баласы үшін жан беруге даяр тұратын жер бетіндегі ана атаулының  шексіз махаббатын  нанымды көрсете білді.

Ресей, Болгария, Грекия, Түркия, Тәжікстан, Сербия  елдерінде өткен халықаралық фестивальдерде үздік бағаланған «Ат тұяғын тай басар» спектаклінде  Қыран ролі арқылы өзінің жоғары кәсби шеберлігін байқатты.

Г.Баймағамбетова  ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 2009 жылы ол Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті  қоры сыйлығының лауреаты атанды.  2010 жылы Облыс әкімінің арнайы сыйлығына ие болды. Бүгінде өзінің екінші үйіне айналған “Алақай” қуыршақ театры ұжымының алдында Гүлнардың  беделі жоғары, әріптестері оны сахнадағы сенімді серіктес ретінде сыйлайды.

2012 жылы Г.Баймағамбетова  өзінің  шығармашылығының  20 жылдығына орайластырып “Қуыршақпен бейнеленген өмір” атты  бенефисін өткізді. Қуыршақтардың арасында баладай пәк көңілімен өнер толғап жүрген Гүлнәрдің қазір шығармашылық кемеліне келген кезі, оған қандай рөл тисе де, оны өз деңгейінде шығара алатын мүмкіндігі мол. Отының басында қыз өсіріп отырған ана өмірдегі рөлін де лайықты алып жүр. Театр сахнасында 27- жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келеді.

Марапаттары:

2005-2006 жж. –Қр Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамоталары.

2007 ж. –ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің “Мәдениет қайраткері” төсбелгісінің иегері.

2009 ж. -ҚР Тұңғыш Президенті қоры сыйлығының лауреаты.

2011 ж.- Ақтөбе облысы әкімі сыйлығының иегері.

2011 ж.- Қазақстан Театр қайраткерлері Одағының Құрмет грамотасы.

Репертуардағы рөлдері:

  1. В.Павловскис «Айлакер Түлкішек»- Жүргізуші. Режиссер- Б.Парманов, 1991ж.
  2. «Қаңбақ шал»- Кемпір. Режиссері- Қ.Жасекенов, 1993ж.
  3. Н.Новосельская «Кімнің үйі әдемі»-Сары шымшық. Режиссері-С.Береговых, 1993ж.
  4. П.Высоцкий, И.Дмитриев «Ох пен Кузьма»- Кузьма. Режиссері-С.Береговых, 1996ж.
  5. «Тал басындағы Қасқыр»- Бұғы. Режиссері-С.Береговых, 1997ж.
  6. «Бука атты қоян»- Шырша. Режиссері- Т.Лукомская, 1998ж.
  7. С.Қалиев «Қоянның қулығы»- Кірпі. Режиссері- Д.Жалекенов, 2000ж.
  8. «Шаһризаданың махаббат сазы»- Дахнаш, үй қызметшісі. Режиссері- Д.Жалекенов, 2000ж.
  9. Ш.Құсайынов «Алдар Көсе»- Дәметкен.Режиссері- Д.Жалекенов, 2001ж.
  10. В.Павловскис «Бақашық пен Теңіз»- Жүргізуші, Медуза. Режиссері-Г.Гипиков, 2002ж.
  11. Х.Гюнтер «Мүйізтұмсық пен Керік»- Керік. Режиссері- Г.Гипиков, 2002ж.
  12. А.Қадыров «Малшылар патшасы»- Кемпір. Режиссері-Д.Жалекенов, 2003ж.
  13. «Ұр,тоқпақ!»-Қазбай. Режиссері- Г.Гипиков, 2003ж.
  14. А.Веселов «Күн іздеген аққалалар»-Аула сыпырушы, Қонжық, Қарға. Режиссері- Г.Гипиков, 2004ж.
  15. Е.Чеповецкий  «Алдарыңызда, Колунада!»- Сайқымазақ. Режиссері- Г.Гипиков, 2004ж.
  16. М.Азов, В.Тихвинский «Ат тұяғын тай басар»- Дала, Қыран. Режиссері- Е.Пермяков, 2005ж.
  17. А.Болдинов «Қияндарға кетпеші…»-Айстенок. Режиссері- Р.Рахимов, 2006ж.
  18. «Дала аңызы- Уа, Алдар!»-Кемпір. Режиссері- Б.Парманов, 2006ж.
  19. Х.К.Андерсен «Ұсқынсыз үйрек»- Үйрек анасы. Режиссері-С.Железкин, 2007ж.
  20. «Жадыра,жайна достар!»-Әртүрлі рөлдер. Режиссері-Г.Гипиков,2009ж.
  21. В.Гауф «Мукраның жазасы»- Сиқыршы Агавици, Желаяқ. Режиссері-В.Смирнов, 2010ж.
  22. Н.Осипова «Бір жарым уыс»-Қошақан анасы. Режиссері-Г.Гипиков, 2013ж.
  23. «Мультертегі»- Сусиыр, Пингвин. Режиссері- Ж.Қалқабеков, 2014ж.
  24. Г.Қалдина «Дана табиғат»- Досбол. Режиссері- Г.Баймағанбетова, 2015ж.
  25. Д.Исабеков «Құстар фестивалі»- Тауыс, Мекиен. Режиссері- М.Хабиболла, 2016ж.
  26. Т.Майбас «Алтын Адам»- Төрт құбыланың бірі.Режиссері- М.Хабиболла, 2016ж.
  27. «Қаңбақ шал» ертегісінде Дәу Режиссері- М.Хабиболла, 2016ж.