Сыбайлас жемқорлық жайлы «Құстар фестивалі» қойылымы көрерменге жол тартты

2026 жылғы 20 мамыр күні облыстық «Алақай» қуыршақ театрында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті мен Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бірлесуімен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы екіайлық» акциясы аясында көрнекті жазушы Дулат Исабековтің «Құстар фестивалі» қойылымы сахналанды.

Мәдени іс-шараға «Тарлан» колледжінің студенттері, Ақтөбе қаласындағы №47, №36, №24 мектептердің жоғары сынып оқушылары, сондай-ақ мәдениет саласының өкілдері қатысып, жалпы саны 200-ге жуық көрермен қамтылды.

Қойылымның негізгі мақсаты – жастар арасында адалдық, әділдік және парасаттылық құндылықтарын дәріптеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және қоғамда жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын насихаттау.

Спектакльде қоғамдағы мансапқорлық, әділетсіздік, айлакерлік пен шынайылық мәселелері астарлы түрде көрініс тауып, көрерменді терең ойға жетелей білді. Қойылым желісі бойынша Айнакөл жағасында патшалық құрған Бүркіт ормандағы барлық құстарды үлкен фестивальге жинайды. Алайда өнер додасында шынайы талант жеңіске жете ме, әлде айла мен ықпал басым бола ма деген сауалдар арқылы әділдік мәселесі кеңінен ашып көрсетілді.

Қойылым соңында көрермендер сыбайлас жемқорлықтың қоғам дамуына тигізетін кері әсері, әділдік пен адалдықтың маңыздылығы туралы тағылымды ой түйді.