ЖЕМҚОРЛЫҚСЫЗ ЖОЛ – СЕНІМДІ ЖОЛ
«Ғасырлар тәжірибесі көрсеткендей,
қолында билігі бар адам қылмыс
жасауға бейім тұрады және тиісті
шекке жетпейінше,
сол бағытта әрекет жасайды»
Шарль Монтескье
француз философы
Сыбайлас жемқорлық – әлеуметтік құбылыс. Оның себебін, мағынасын толық түсіну мүмкін емес деп есептейді ғалымдар. Бір ғана факт бар: жемқорлық – қоғамның дамуын тежегіш фактор. Латын тілінен аударғанда сыбайлас жемқорлық – сындыру, бүлдіру, зақымдау, құлдырау деген мағынаны білдіреді. Латын термині «corruptio» екі түбірден құралған сөз: «cor» – жүрек, жан, рух, ал «ruptum» – бүлдіру, бұзу. Демек, «сыбайлас жемқорлық» сөзінің астарында тек лауазымды тұлғаның пара алуы немесе бюджет қаржысын қалтасына басуы емес, сонымен қатар әлеуметтік жүйе, мемлекеттік билік жүйесінің құлдырауы ұғымдары жатыр.
Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана дегеніміз – бұл адамдардың жемқорлық әрекетті әлеуметтік зұлымдық әрі қауіпті әрекет деп қабыладуы, оған қарсы пайда болатын ұғымдар, теориялар, түсініктер мен сезімдердің, көзқарастар мен эмоциялардың жиынтығы.
Сыбайлас жемқорлық ежелден келе жатқан құбылыс. Тіпті жер бетіне адам пайда болғаннан бері келе жатқан құбылыс болуы мүмкін. Әрине, тарихи процесс барысында жемқорлық түрлері өзгеріп келеді. Қазіргі таңда жемқорлықтың жалпылама белгілері: лауазымды адамның өзге адамның пайдасына шешілген әрекеті үшін ақшалай, бағалы қағаз немесе мүлік ретінде алған парасы, лауазымды адамның қызметін пайдаланып туысын, жақынын қарамағына жұмысқа алу, мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражаттың бір бөлігін өз қалтасына салу, мемлекеттің мүлкін талан таражға салу.
Өнер саласындағы біздің міндетіміз – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, онымен күресті өнер тілімен жеткізу. Кинофильмдер, ақын-жазушылардың шығармаларын, би, сурет салу арқылы т.б.
Облыстық «Алақай» қуыршақ театрының репертуарында Д.Исабековтың шығармасының желісімен жазылған «Құстар фестивалі» қойылымы бар. Қойылымның сюжетінде Айнакөлдің жағасында патшалық құрған Бүркіт уәзірлерін жинап алып, орман ішіндегі барлық құстарды сәскеде жиналуын хабардар етуді бұйырады. Ондағы мәселе мәдениетке көңіл бөліп, құстар фестивалін өткізу болатын. Құстар ән байқауы туралы ести сала, бірден дайындыққа кіріседі. Байқаудан кім озады? Мыңнан тұлпар жүйріктер ме, әлде айла-амалдарын асырғандар ма? Патша Бүркіт пен қазылар алқасы қаншалықты әділ? Шындық шың басына оңайлықпен шыға қоймайтыны анық. Осы қысқа ғана сюжеттен сыбайлас жемқорлыққа бейім тұлғалардың кез келген қоғамда, кез келген ортада кездесетіні байқалады. Болмашы нәрседен пайда көріп, заңнан, ар-ұяттан аттауға дайын адамдар қоғамымызға, мемлекетімізге зиян келтіретіні сөзсіз. Бұл қойылымның мақсаты – балаларға ерте жастан осындай келеңсіз жайтпен күресуді, сыбайлас жемқорлықтың зиянын санасына сіңіру болып табылады.
ОБЛЫСТЫҚ «АЛАҚАЙ» ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫНЫҢ КОМПЛАЕНС ҚЫЗМЕТІ