Салитова Әлия

Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының түлектерінің бірі Әлия «Алақайдың» ажарына ажар қосқан актриса. Ол — «қуыршақ театрының актері» мамандығын алған санаулылардың бірі. Өзі де қуыршақтай Әлия өз ісінің шебері, ол әр кейіпкерінің  өзіне айналып кетеді, даусын да айнытпай салады. Оның таланты көрермендерін ғана емес, әріптестерін де тәнті етеді. Бүлдіршіндердің қуыршақтар әлеміне еніп, кейіпкерлердің ойынына  риясыз сенетіні Әлиядай актрисалардың өнерге берілгендігінің, шынайылығының  арқасы.

Талдықорған облысында өскен Әлия өзінің Жаңалық ауылында титтейінен «танымал артист» болыпты. Сүп-сүйкімді бүлдіршін өзіне үлкендігіне қарамастан анасының  әдемі көйлегін, «платформа» топалайын киіп алып, көршілердің ауласында  «Ах, Самара, городок» деп ән шырқайды екен.  Бір көршіден екінші көршінің үйіне барып, «гастрольдетіп» жүрген қызын іздеген анасы оны халықтың ортасында ән айтып тұрған жерінен  тауып алатын көрінеді. Сахнаға деген әуестік кейін оның қуыршақ театрының актрисасы болуға жетелеген сияқты.

Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театрына арнайы жолдамамен келді. Әлияның ашық-жарқын дауысы, қуыршақпен жұмыс жасау шеберлігі театр басшылығының көңілінен шығып,  ол келгеннен бас рөлдерге еніп жүре берді. «Ұсқынсыз үйрек», «Күншуақты досым», «Уа, Алдар», «Мукраның жазасы», «Аспандап ұшқан ақ тырна»,  тағы да басқа спектакльдердегі рөлдері  арқылы  көрерменін қуантып жүр.

Түрлі мерекелік шаралардың бел ортасында жүретін Әлия Ақтөбе облысы әкімінің арнайы сыйлығын иегері,  Театр қайраткерлері одағының «Еңлікгүл» фестивалінің лауреаты. Театр сахнасында 11 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келеді.

Марапаттары:

2011 ж.- Ақтөбе облысы әкімі сыйлығының иегері.

2013ж.- Қазақстан театр қайраткерлері Одағының “Еңлікгүл” атты кәсіби сыйлығының лауреаты, “Жыл актрисасы”.

Репертуардағы рөлдері:

  1. В.Павловскис «Бақашық пен Теңіз»- Бақашық. Режиссері-Г.Гипиков, 2002ж.
  2. А.Веселов «Күн іздеген аққалалар»- Аққала. Режиссері- Г.Гипиков, 2004ж.
  3. М.Азов, В.Тихвинский «Ат тұяғын тай басар»- Қоян. Режиссері- Е.Пермяков, 2005ж.
  4. В.Маслов «Күншуақты досым»- Орман Қояны. Режиссері- Г.Гипиков, 2005ж.
  5. .«Дала аңызы- Уа, Алдар!»-Айсұлу, Шайтан.. Режиссері- Б.Парманов, 2006ж.
  6. Р.Готкина «Дулитл хикаялары»- Чичи, Маймыл. Режиссері-Ю.Фридман,2007ж.
  7. Х.К.Андерсен «Ұсқынсыз үйрек»- Балапан, Тауық. Режиссері-С.Железкин, 2007ж.
  8. М.Супонин «Қиқар Қоян»- Тиін. Режиссері-С.Железкин,2008ж.
  9. «Қызыл, Сары, Жасыл көк және аздап көгілдір»- Бағдаршам. Режиссері-Э.Иванова, 2009ж.
  10. В.Гауф «Мукраның жазасы»-Мысық Ханшайым. Режиссері-В.Смирнов, 2010ж.
  11. М.Бартенев«Беске дейін санаймын»-Сауысқан. Режиссері-В.Смирнов,2010ж.
  12. «Аспандап ұшқан ақ тырна»-Ақ Тырна. Режиссері-Р.Рахимов, 2011ж.
  13. «Тізгініңді босат та, құстай самға…»- Бала. Режиссері- С.Балыков, 2011ж.
  14. Й.Пегер «Кутясик пен Кутилканың бір күні»-Кутясик. Режиссері-С.Балыков,2012ж.
  15. «Мультертегі»- Цыпа балапан. Режиссері- Ж.Қалқабеков, 2014ж.
  16. Г.Қалдина «Сезім жібі»-Баян. Режиссері-Б.Парманов,2014ж.