ГАУҺАР ОРАЛБАЙҚЫЗЫНЫҢ

Өзі де қуыршақтай ғана Гауһар Оралбайқызының өнерге бейімділігі титтей күнінен білінді. Сүйегі жеңіл Гауһар мың бұрала билегенде,  сызылтып ән салғанда жұрттың бәрі сүйсінетін. Атына заты сай Гауһар жарқ-жұрқ етіп «Алақайдың» сахнасына да сән беріп жүр. Өзі Ақтөбе гуманитарлық көлледжінің түлегі,  көпшілік мәдени шараларды ұйымдастырушы режиссер мамандығын алып шыққан.  Шалқар аудандық мәдениет үйінің сахнасында   шыр айнала билегенде  көрген  көрермендер таң қалатын.

Гауһар «Алақайда» қызмет еткен он шақты жылда  әнші-бишілігімен, домбырашылығымен қоса  шаштараз, бет әрлеуші ретінде де көрініп, он саусағынан  өнері тамған жан екенін көрсетіп келеді. Өз әріптестері гримдеушіні де, косметологты да алыстан іздеп әуре болмайды.

Театр репертуарындағы  «Аспандап ұшқан ақ тырна» спектаклінде тым нәзік, сезімтал ару бейнесі арқылы көрерменін бір әдемі әсерге бөлейді.  «Тізгініңді босат та,  құстай самға!» спектакліндегі Ана рөлінде «Әй-әй, бөпем» әнін жүрекке жеткізе  айтқанда , жағымды қоңыр даусымен жанды баурап алады, фестивальдерде сарапшылар оның даусының кеңдігіне, әншілігіне керемет сүйсінеді. «Жарқын қала» спектаклінде бас рөл  — Теңіз раушанын сомдап, әдемі дауысымен, келісті келбетімен қойылымның сәнін келтіреді.

Киім киісі, жүріс-тұрысымен  басқалардан дараланып тұратын Гауһар жан-жағына шуақ шашып жүреді,  әріптестері оны «Әсем қыз» деп еркелетеді. Өйткені ол жүрген жердің жайнап кететіні бар.  Талдырмаш қана келген Гауһардың бойынан өжеттік, қайсарлық сияқты қасиеттер де табылып жатады.  Ол әділетсіздікке төзе алмайды, турасын айтқанды жөн көреді. Өзім деген жанға өзегін жұлып беруге даяр адалдығы да бар.

Гауһар Қоян, Жезтырнақ, Күн қояны, Ешкі сияқты кейіпкерлерімен бүлдіршіндердің жүрегіне нұр құйып жүр. Өз ісінен қол үзгісі келмейтін, қуыршақтарын жанындай сүйетін ол  Қырғызстанда білімін жетілдіруде. Түрлі марапаттардан кенде қалып көрген жоқ. Қазақстан Театр қайраткерлері одағының  Құрмет грамотасына ие болды. Қуыршақ театрының актрисасы болудың өзіндік қиындықтарын жеңіп, кәсібилігін арттыруға ұмтылатын Гауһардың еңбекқорлығы ерекше. Ол жұбайымен  екеуі екі бала тәрбиелеп отыр. Театр сахнасында 13-жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келеді. 

Марапаттары:

2014 ж.- Қазақстан Театр қайраткерлері Одағының Құрмет грамотасы.

Репертуардағы рөлдері:

  1. А.Веселов «Күн іздеген аққалалар»- Тиін,Қоян. Режиссері- Г.Гипиков, 2004ж.
  2. М.Азов, В.Тихвинский «Ат тұяғын тай басар»- Дала,Қоян. Режиссері- Е.Пермяков, 2005ж.
  3. В.Маслов «Күншуақты досым»- Күн Қояны. Режиссері- Г.Гипиков, 2005ж.
  4. А.Хайт, В.Курляндский «Пай-пай,Қасқыр-ай!»-Тасбақа, Қызыл телпекті қыз, Әже, Ешкі. Режиссері-Г.Гипиков,2007ж.
  5. В.Швембергер «Ақылға келген Аю»- Бақа. Режиссері-Г.Гипиков,2008ж.
  6. М.Бартенев «Беске дейін санаймын»-Сауысқан.Режиссері-В.Смирнов,2010ж.
  7. «Аспандап ұшқан ақ тырна»- Киеко, Хидэ. Режиссері-Р.Рахимов, 2011ж.
  8. «Тізгініңді босат та, құстай самға…»- Құлыншақ анасы. Режиссері- С.Балыков, 2011ж.
  9. «Қайдасың анашым?»-Жұлдызқұрт, Балапан,Қарға,Мысық. Режиссері- Р.Рахимов,2012ж.
  10. Й.Пегер «Кутясик пен Кутилканың бір күні»-Кутилка. Режиссері-С.Балыков,2012ж.
  11. Н.Осипова «Бір жарым уыс»- Қошақан, Қоян. Режиссері-Г.Гипиков, 2013ж.
  12. «Мультертегі»-Жылқы, Маша. Режиссері- Ж.Қалқабеков, 2014ж.
  13. «Жарқын қала»-Роза. Режиссері-Б.Ходырев,2014ж.
  14. Г.Қалдина «Дана табиғат»- Маржан, Қоян. Режиссері- Г.Баймағанбетова, 2015ж.
  15. Д.Исабеков «Құстар фестивалі»- Қарға. Режиссері- М.Хабиболла, 2016ж.
  16. Т.Майбас «Алтын Адам». Режиссері- М.Хабиболла, 2016ж.