«Алақай» қуыршақ театрының «Қуыршақтар керуені»

Шығыста Қытай империясынан басталып,  Батыста Рим империясына дейін керуен тартқан Ұлы Жібек жолы тек сауда жолы ғана емес еді. Мәдениеттердің сұхбаттасуы, мәдени алмасулар жолы да еді.

Шығыстан шыққан керуен әртүрлі зат, бұйымдарымен бірге, өздерінің аңыз-ертегі, жыр, ән-күйімен де шығатын. Еуропалық мифтерде, ертегілерде шығыстық мотивтердің жүруі және керісінше болуы – осыдан.

Ақтөбе облыстық “Алақай” қуыршақ театры Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай Халықаралық “Қуыршақтар керуені” іссапары ұйымдастырған болатын.

Театрдың “Қуыршақтар керуені” де Ұлы Жібек жолының мәдениеттердің сұхбаттасу миссиясын жалғаған жоба болды. Ұлы Жібек жолының ізімен бірнеше мемлекетті, еліміздің барлық өңірін аралап, театр қойылымдарын сахналады.

2019 жылдың наурыз-сәуір айларында басталған “Қуыршақтар керуені” солтүстік бағытта Қостанай, Петропавл, Көкшетау, Семей және Нұрсұлтан қалаларында болды. Одан кейін керуен Ресей Федерациясының Тольятти, Буа, Қазан, Уфа және  Орынбор қалаларына жол тартты.

   

Ең соңғы оңтүстік бағыты қазан айының 7-сі Алматыдан басталып, Бішкек, Тараз, Шымкент, Ташкент, Түркістанға жалғасып, 15-і Қызылорда қаласында өз мәресіне жетті.

Әр өңірдің театрларымен байланысып, өңіраралық және мемлекетаралық шығармашылық байланысты дамыту, қуыршақ өнерін өркендету сияқты мақсат ұстанған жоба жоғары деңгейде өтті. Театр қойылымдары еліміздің басқа өңірлері, көрші мемлекеттер көрермендерінің көзайымына айналды