“Алақай” қуыршақ театры мектеп оқушыларына арнап “Құстар фестивалін” сахналады: жемқорлыққа қарсы мәдениеттің көркем көрінісі

2025 жылдың 4 сәуір күні “Алақай” қуыршақ театрының сахнасында ерекше мазмұндағы қойылым — драматург Дулат Исабековтің “Құстар фестивалі” атты туындысы №36 қазақ орта мектебінің оқушыларына ұсынылды. Қойылым астарлы сюжет арқылы қоғамдағы өзекті мәселе — жемқорлықты көркем тілмен бейнелеп, жас көрерменге әділдік пен адалдық жайында терең ой салды.

Билік пен мансапқа ие болған кейіпкерлердің өз мүддесін көздеп, қоғам алдындағы жауапкершілігін ұмытқаны — қойылымның негізгі идеясына айналды. Ал шынайы батырлық пен адамгершілік жолын таңдаған кейіпкерлер арқылы әділдіктің жеңетіні, парасат пен шындықтың – басты құндылық екені көрерменге әсерлі жеткізілді.

Бұл қойылым жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, әлеуметтік әділет пен адал өмір сүрудің мәнін түсіндіру, сондай-ақ жас ұрпақтың санасында парасаттылыққа негізделген құндылықтарды орнықтыру мақсатында ұйымдастырылды. Көркем өнер арқылы қоғамдағы күрделі мәселелерді қозғау — тәрбиелік үдерістің маңызды тетігі саналады.

“Алақай” театры болашақта да осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, өскелең ұрпаққа рухани бай, әділ әрі жауапты азамат болуға үндеуді мақсат етеді.