Халықаралық «Ассалаумағалейкум-V» қуыршақ театрлар фестивалі

2018 жылдың 22-27 қыркүйек аралығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Бақытты бала» жобасы аясында Халықаралық «Ассалаумағалейкум –V» қуыршақ театрлар фестивалі  өткізілді.

Фестивальдің басты мақсаты –  «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстандық мәдениет жаһандық әлемде» арнайы жобасында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру, халықаралық байланысты күшейту және өзара театр мәдениетін байыту. Қуыршақ театр өнері мен еліміздің ұлттық мәдениетін өркендету.

Фестивальге  Ресей Федерациясы, оның ішінде Татарстан, Башқұртстан, Удмуртия, Ханты Мансий автономды округі, сонымен қатар  Беларусия және Қазақстаннан барлығы 14 театр ұжымы қатысты.

Қазылар алқасының төрағасы – театр режиссеры, продюссер  Бурман Давид Семенович (Санкт-Петербург қ.), мүшелері – театртанушы, театр сыншысы, Башқұртстан Республикасының еңбек сіңірген  мәдениет  қайраткері – Давлетшина Дина Гатуевна (Уфа қ.), режиссер, актер Гипиков Геннадий Никитович (Жигулевск қ.), театртанушы,  өнертану  кандидаты, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті – Еркебай Анар Саимжанқызы (Алматы қ.) және Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қорғанбаева  Маржан  Нағашбекқызы  (Ақтөбе қ.).

23 қыркүйек  «Ассалаумағалейкум-V» қуыршақ театрлар фестивалінің ашылу салтанаты болып өтті. Аталған шарада  Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Нұрғалиев Ербол Жолдасбекұлы сөз сөйлеп, фестиваль қатысушылары мен қонақтарына ізгі тілегін жеткізіп, сәттілік тіледі.

Фестивальдің салтанатты жабылуы және жеңімпаздарды марапаттау 26 қыркүйек «Алақай» қуыршақ театрында өткізілді. Фестиваль қорытындысы бойынша  «Ең үздік музыкалық шешім» номинациясын «Петрушка» актер және қуыршақ театры, «Теремок» спектаклі үшін (ХМАО Сургут қ.), «Ең үздік сценография» номинациясын Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театры Н.В.Гогольдің «Шинель» повесінің желісі бойынша  «Шапан» спектаклі үшін, «Ең үздік актриса»  номинациясын  Башқұртстан мемлекеттік қуыршақ театры (Башқұртстан, Уфа қ.), А.Шмидт «Секпілді ханшайым» спектаклі үшін  Щербакова Виктория, «Ең үздік актер» номинациясын  Набережные Челны мемлекеттік қуыршақ театры (Татарстан, Набережные Челны қ.) «Алтын балапан»  спектаклі үшін Митрофанов Егор, «Ең үздік режиссерлік жұмыс»  номинациясын Волгоград облыстық қуыршақ театры (РФ Волгоград қ.)  «Балықшы және балық туралы ертегі»  спектаклі үшін Павел Овсянников, «Үздік қуыршақ суретшісі» номинациясын Татар Мемлекеттік «Экият» қуыршақ театры (Татарстан, Қазан қ.)  «Чулпан, айга – ЗөҺрә!..» (Шолпан жұлдыз шыққанда…) спектаклі үшін Губская Валентина Емельяновна және «Ең үздік спектакль» номинациясын Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры «Ана жүрегі» қойылымы үшін иеленді. Барлық номинация иегерлеріне дипломдар және естелік сыйлықтар табысталды.