Сүлеймен  Ләззат

Әрбір театрдың  ұжымының атын шығаратын беткеұстар адамдары болады. “Алақай” театрының  атағының алысқа кетуіне  игі ықпал еткен актрисалардың бірі Ләззат Сүлеймен екенін балғын көрермендер жақсы біледі. Оның епті қолындағы қуыршаққа жан бітіретін   сахнадағы  сұлу қимыл-қозғалысы, сиқырлы үні балалар түгіл, ересектерді тәнті еткелі қашан?

Ләззаттың  бойында сан түрлі өнер тоқайласқан.  Бала күнінен өзінің ерекше сүйкімділігімен, өткірлігімен көзге түскен одан ата-анасы үлкен үміт күтетін.

Сол бір талабы  таудай бүлдіршін   бой жетіп, көкейдегі арманына қол созды. Сүлеймен  Ләззат Алматы қаласындағы Ұлттық өнер академиясына  оқуға түсіп, «театр және кино актері» мамандығын  алып шықты. Ақтөбедегі  «Алақай» қуыршақ театрына арнайы жолдамамен келді.  Өзінің актрисалық қабілетімен бірден көзге түсті , кез-келген рөлді  кәнігі сахнагерлер тәрізді  оңай игеріп  кетті.

Ләззаттың сахнаға шыққанда көрерменін еріксіз жалт еткізіп қарататын қасиеті бар, жарқын жүзі,  мінсіз мүсіні,  жанға жағымды  дауысы, үнінің тазалығы, айтқан сөзін көрерменіне еркін әрі анық жеткізе алатын мүмкіндігі кім-кімді де   қайран қалдырады. Кезкелген актрисаның бойынан табыла бермейтін қасиеттердің бәрі  бір Ләззаттың басында бар. Қуыршақты өз еркіне бағындыра біледі, оның кейіпкерінің қимылы мен үні керемет  үйлесім тауып жатады. Бір спектакльде бірнеше кейіпкерді сомдау да, екі тілде еркін сайрау да оған жат өнер емес. Рөлдерді  шынайы  бейнелеу  барысында  Ләззат  өзі  ойнаған  кейіпкерлерінің  жан  дүниесіне терең  үңіліп,  зерттеп, оларды көрермендердің көз алдында тірілте алады.  Күтпеген сәтте тығырықтан шығып кете алатын суырыпсалмалық қабілеті де талай жерде көмекке келді.   Театр  репетуарындағы  алпыстан астам    спектакльдің  жартысында   бас рөлдерді бейнеледі. Мысалы,   “Ох пен Кузьмада” – Варвара,  “Шахризаданың  махаббат сазында”  –  Бәдір,  “Алдар Көседе” – Қарашаш,  “Мүйізтұмсық пен Керікте”  – Керік,  “Ұр, тоқпақта” – Сараңбике, “Ұсқынсыз үйректе” — испандық әйел, тағы да басқа   қойылымдарда кейіпкер образдарын жан-жақты аша білді.Ресей, Болгария, Грекия, Түркия, Тәжікстан, Сербия елдеріндегі халықаралық фестивальдерде әлемдік қуыршақ өнерініңмайталмандарынан құралған сарапшылардың мақтауына ілігіп келе жатқан «Ат тұяғын тай басар» спектаклінде  Ана  бейнесін келістіріп сомдап,  «Алақайдың» мерейін өсірді. Ақтөбе қаласында өтіп жататын ағымдағы мерекелік шараларда жүргізуші болып,  саңқылдаған даусымен, анық дикциясымен дараланды.

Отбасында  екі бала тәрбиелеп отыр. Қазақстан Театр қайраткерлері одағының мүшесі, Облыс әкімі сыйлығының, ҚР Тұңғыш Президенті Қоры  сыйлығының лауреаты Ләззат Сүлейменнің алар асулары алда. Театр сахнасында 23-жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келеді.

Марапаттары:

2007ж.-Ақтөбе облысы сыйлығының иегері.

2009ж.-ҚР Тұңғыш Президенті қоры сыйлығының лауреаты.

2016ж.-ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісінің иегері. 

Репертуардағы рөлдері:

  1. В.Орлов. «Алтын балапан»- Балапан. Режиссері- Т.Лукомская, 1990ж.
  2. «Қаңбақ шал»- Түлкі. Режиссері- Қ.Жасекенов, 1993ж.
  3. П.Высоцкий, И.Дмитриев «Ох пен Кузьма»- Федюнька. Режиссері-С.Береговых, 1996ж.
  4. С.Қалиев «Қоянның қулығы»- Қонжық. Режиссері- Д.Жалекенов, 2000ж.
  5. «Шаһризаданың махаббат сазы»-Бәдір. Режиссері- Д.Жалекенов, 2000ж.
  6. Ш.Құсайынов «Алдар Көсе»- Қарашаш. Режиссері- Д.Жалекенов, 2001ж
  7. В.Павловскис «Бақашық пен Теңіз»- Бақашық. Режиссері-Г.Гипиков, 2002ж.
  8. Х.Гюнтер  «Мүйізтұмсық пен Керік»- Керік. Режиссері- Г.Гипиков, 2002ж.
  9. «Ұр, тоқпақ!»-Сараңбике. Режиссері- Г.Гипиков, 2003ж.
  10. «Қуыршақтардың ғажайып әлемі»- Әртүрлі рөлдер. Режиссері-Г.Гипиков, 2003ж.
  11. М.Азов, В.Тихвинский «Ат тұяғын тай басар»- Бие-Ана. Режиссері- Е.Пермяков, 2005ж.
  12. А.Болдинов «Қияндарға кетпеші…»- Мысық, Аққала. Режиссері- Р.Рахимов, 2006ж.
  13. Х.К.Андерсен «Ұсқынсыз үйрек»- Испандық әйел. Режиссері-С.Железкин, 2007ж.
  14. Д.Исабеков «Құстар фестивалі»- Ата қаз. Режиссері- М.Хабиболла, 2016ж.